«Кассандра»: Орталық Азия мифологиясына негізделген қырғыз слоубөрнері

****Ғалия Байжанова, киносыншы, арнайы «Власть» үшін

Өткен аптада Қазақстан прокатына кейінгі кездегі ең қызықты қырғыз фильмдерінің бірі — Бекзат Пирматовтың «Кассандра» туындысы жол тартты. Бұл — режиссердің екінші толықметражды жұмысы. Оның бірнеше жыл бұрын түсірілген «Аврора» атты фильмі Оскар байқауында Қырғызстанның атынан бақ сынаған болатын. Бірақ бұл жолы талантты қоюшы режиссер әлдеқайда күрделі материалға — мифологияға, мистикаға, философияға және Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына бет бұрған.

Фильмнің атауы «Кассандра таңбасы» романына сілтегенімен, туындыларды сюжеттен гөрі ортақ символдар байланыстырады. Айтматовтың романында әлі тумаған сәбилер болашақ тағдырын алдын ала сезеді. Алда бақытсыз өмір күтіп тұрғанын не әлемге кесір келтіретінін білсе, дүниеге келуден бас тартып, белгі беретін. Мұндай ескерту жүкті әйелдің маңдайындағы құпия «Кассандра таңбасы» арқылы көрінетін. Ал Пирматовтың фильмінде бұл идея тек прологта бой көрсетеді.